Өрт сөндіруші көлік оқиға орнына жете алмай бір үй өртеніп кетті

466
Алматы облысында 14 наурызда күн райы бұзылып, көшелер көктайғаққа айналды. Салдарынан Алматы іргесіндегі Бесағаш ауылының таулы аумағындағы бір үй арнайы көлік жеткенше, өртеніп кеткен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, оқыс оқиға жексенбі күні түнгі сағат 00:00 шамасында орын алған. Абырой болғанда үй иелері аман.
Талғар ауданы Бесағаш ауылының тұрғыны  оқиғаның мән-жайын баяндады.
 "Өрт түнгі сағат 00:00 шамасында бізден үш-төрт үй жоғары болды. Көршіміздің үйі екінші өрт сөндіру көлігі келгенше түгі қалмай жанып кетті. Үйдің иесін танымаймын. Осында қаңтар айында көшіп келгенбіз. Тарс еткен дыбыстан ояндық. Үйімізге өрт сөндіргіш машина кіріп кете жаздады. Қоршауды бұзып аулаға кіріп кетті. Абырой болғанда есік алдында құрылыс заттары жиналып тұрған. Камаз көлігі соған тіреліп барып, тоқтады. Әйтпесе газ пешке соғылуға аз-ақ қалыпты. Көшелер көктайғақ. Бізден ары жүре алмай өрт дер кезінде сөндірілмеді. Үй иелері бір киіммен шығып кетіпті. Қазір қайда екенінен хабарымыз жоқ", - дейді бір апаттан аман қалған Бейшақан Чуенбаева. 
Ауыл тұрғындарының сөзінше, бұл жаққа көктайғақ кезде жүк көлігі тұрмақ, жеңіл көліктің өзі әрең көтеріледі. Ауыл балалары мектепке арнайы автобуспен қатынайды. Ата-аналар қыста қар қалың жауған күндері мұнда мектеп автобусы көтеріле алмайтынын да жеткізді. 
"Әкімдік тұз сеуіп, жолды ашуды ойластыру керек. Бұл жол мәселесі жыл сайын қайталана береді. Автобус кейде мұнда көтеріле алмай оқушылар күтіп қалатын кездер болады", - дейді ата-аналар. 
"Аталған аумақ саяжай статусында тұрғандықтан, жол, су, жарық, басқа да коммуникацияға әкімдік жауап бермейді. Жол тар болғандықтан, оған ауыл статусын бере алмай отырмыз. Қыста жолға тұз себу, қардан тазалау саяжай кооперативінің құзырында", - дейді аудан әкімдігі.