Депутаттар Сырдария ауданына жұмыс сапарымен келіп Шаған ауылындағы аурухананың жөндеу барысын бақылап шықты
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мархаббат Жайымбетов пен Мұрат Әбенов Сырдария ауданына жұмыс сапарымен келіп, Шаған ауылдық ауруханасына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мәжіліс депутаттарын аудан әкімі Берік Сәрменбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов күтіп алып, ең алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы туралы ақпарат берді.
Топ құрамында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы болды.
Мәжіліс депутаттары Шаған ауылындағы ауруханасын күрделі жөндеу сапалы әрі уақытылы жүргізілуі керек екенін айтып, мердігер мекеме өкілдерімен пікірлесті. «РеалСтройСнаб» серіктестігінің өкілдері күрделі жөндеу жұмыстары наурыз айының басында басталғанын айтып, қыркүйек айында толық аяқтау жоспарланғанын жеткізді. Қазіргі таңда жұмыстың 80 пайызы аяқталған, ішкі әрлеу және сырлау жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен бөлінген 328,9 млн теңге бөлінген. Құрылыстың сапалы, талаптарға сай жүргізілуін қатаң бақылауға алған.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мархаббат Жайымбетов пен Мұрат Әбенов Шаған ауылдық ауруханасын жөндеу жұмысы халықтың талап-тілегінен туындаған жұмыс екенін айтып, сапасына мән беру керектігін ескертті.