Аудан абаттандыру жұмыстары бюджет пен демеушілер қолдауымен жүйелі жүзеге асырылуда
Ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуындағы ірі жобалар: бюджет пен демеушілердің қолдауымен абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру және қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысының нақты тапсырмасы мен қолдауымен ауданның тұрғындары үшін өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бюджет қаражаты мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен Тереңөзек кенті мен оған қарасты ауылдарда әлеуметтік маңызды нысандар орналасқан көшелердің жаяу жүргіншілер жолдары салынуда. Мәселен, Д.Қонаев, Жеңістің 50 жылдығы, Р.Алшынбаев, Ж.Құттыбаев, Қазақ, Ғ.Мұратбаев және тағы басқа 15 көшеге жаңадан жолдар төселіп, жалпы сомасы 767 млн теңгені құрайтын жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, Н.Ілиясов ауылында «Абзал және К» серіктестігінің демеушілігімен спорт және балалар ойын алаңдары пайдалануға беріліп, ауылдың кіреберісі түнгі жарықпен қамтылды. Бесарық ауылында «Абай-Дәулет» серіктестігінің қолдауымен жаңа «Жастар аллеясы» ашылып, ауылға жарық жүйесі орнатылды. Жеке кәсіпкерлердің демеушілігі арқасында Іңкәрдария ауылында орталық алаң жасақталып, оның аумағы тартымды әрі қолайлы орталыққа айналуда. Сонымен қатар, Айдарлы, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Ақжарма және басқа ауылдарға ойын алаңдары салынып, ауыл тұрғындарының демалысы мен спортпен айналысуына жағдай жасалуда.
Аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен ауылдық елді мекендердің кіреберістері жарықтандырылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы арттырылуда.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауданда санитарлық тазалық, көгалдандыру, көркейту жұмыстары да кең көлемде жүргізілуде. Қазіргі таңда 17 400 көшет, 28 мыңға жуық гүлдер отырғызылып, 70 шақырым каналдар мен арықтар тазартылды. Сонымен қатар, 4000 тонна қоқыс шығарылып, елді мекендердің экологиялық ахуалы жақсарды.
Бұл жұмыстар аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі болып табылады. Жергілікті билік пен кәсіпкерлердің бірлескен күш-жігері арқылы аудан орталығы мен ауылдық елді мекендер заманауи инфрақұрылымға ие болып, тұрғындардың игілігі үшін жаңа әлеуметтік нысандар ашылуда.