Күйеуін өлтірді деп айыпталған әйел бостандыққа шықты
Ақтөбе сотында күйеуін өлтірді деп айыпталған 37 жастағы әйелге үкім шыққан,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
37 жастағы Ксения Седова 7 ай тергеу изоляторында қамауда болған. Сотта әйелге қатысты қылмыстық іс “Адам өлтіру” бабы "Аффект жағдайында жасалған адам өлтiру” бабына өзгертілген. Кінәсі дәлелденген сотталушы рақымшылықпен сот залынан босап шыққан.
Отбасылық жанжал кезінде әйел күйеуіне пышақ жарақатын салған. Кеуде тұсына тиген жарақаттардың бірі жүрекке зақым келтіріп, ер адам оқиға орнында көз жұмған.
Сараптама қорытындысы бойынша, ер адамның ішімдік ішкені анықталған.
Оқиғаға қатысты үш рет сот сараптамасы жасалған. Әрекет аффект жағдайында жасалған деген тұжырымға келіп, қылмыстық іс қайта сараланған.
Седованы күзетпен ұстау туралы шешім өзгеріп, сот залынан босатылды. Жәбірленушінің 20 миллион теңге өтем туралы азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталушы 5 миллион теңге моральлық шығын, 378 500 теңге материалдық шығын өтеу міндеттелді. Сонымен қатар заңды өкілге жұмсалған 754 325 теңгені төлеуге тиіс.
Сотталушы әйел медициналық мекемелердің бірінде әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеген. Екінші күйеуімен 2 жыл отасқан. Бірінші некесінен 12 жастағы қызы бар. Әйел сотта ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді. Айтуынша, күйеуі ішімдікке тәуелді болып, жиі қол көтерген.







