"Не сұмдық?": Салтанат Байқошқарова жасанды жолмен алынған ұрықтарын тастап кетіп жатқан жұптарға ашуланды

925
Репродуктолог Салтанат Байқошқарова елімізде квота арқылы жасанды ұрықтандыруға барып, артық эмбриондарын тастап кетіп жатқан жұптарға үндеу жасады.  

Еліміздің алғашқы репродуктолог-дәрігері Instagram желісінде тікелей эфир өткізіп, емделушілерге базынасын жеткізді.
Айтуынша, жасанды ұрықтандыру жолымен сәбилі болғысы келетін жұптардың қатырылған эмбриондары көп жағдайда іздеусіз қалады. Дәрігердің сөзінше, тастанды эмбриондар - тастанды баламен пара-пар.

"Біздің емханаларда жасанды ұрықтандыру жасатып, ұрықты криоконсервілеп, артынша әйелдің жатырына салу арқылы талай бала дүниеге келіп жатыр. Бірақ кейбір жағдайда артық ұрық қалып қалады. Біздің көмегімізбен дүниеге келген балалардың көпшілігі, 80 пайызы деп айтуға болады, сол криоконсервілеу арқылы жасалған, кезінде қатырылған эмбриондар. Қалайша сол эмбриондарыңызды тастап кетесіздер? Олар сіздің балаларыңыз, ол жай зат емес. "Керегі жоқ, кейін тағы жасап, қатырып аламыз" дегенді айтасыздар. Бұл не деген сұмдық?", - дейді Салтанат Байқошқарова тікелей эфирде.

Репродуктолог былтыр квотамен емделуді бастап, оны аяқтамаған әйелді мысалға келтірді.

"Былтыр бір әйел квота алған, одан нәтиже болмаған. Бірақ бірнеше эмбрионы қатырылып сақталып тұрды. Енді соны келіп салдырудың орнына қайтадан биылғы жылы квотадан өтіп жатыр екен. Неге ол басталған бағдарламаны аяқтамайды? Сонда ол әйел қатырылған эмбриондарынан бас тартып, оларды тастауға әрекет етіп жатыр ғой.

"Утилизация" деген өз балаларыңызды қоқысқа тастау, соған қию деген сөз. Неге сіздер ақылға салмайсыздар, егер сіздер артық эмбрион болмасын десеңіздер, онда квота алмау керек, басқа шара қолдану керек. Квота алғаннан кейін сізге мемлекеттің қанша ақшасы жұмсалады.

Квота мөлшері қазір 950 мың теңге, оның жартысы дәріге кетеді. Сізден шыққан ұрықты біз қатырып қоямыз. Бір рет болмай қалды дейік, неге екінші рет тағы көрмейсіздер? Бір-екі айдан кейін демалып барып қайтадан салуға болады. Қатырылған эмбрионды сұраусыз қалдыру - былайша айтқанда балаларыңызды тастап кетумен тең", - дейді дәрігер.

Салтанат Байқошқарованың сөзінше, кейбір қатырылған эмбрионды сақтау қызметі үшін ерлі-зайыптылар ақы төлемейтін көрінеді. "Эмбрионды криоконсервілеуге, оны ары қарай сақтап, ұстап отыруға қаражат кетеді. Бізде көзге көрінбейтін балалар (ұрықтар) -196 градуста сақталады.

"Утилизацияға" кеткен эмбриондар жаңалықтан оқып жүрген көшеге тастап, терезеден лақтырылған балалармен бірдей. Қазір бізде бір рет квота алып, содан ұрықтары артылып қалса, сол ұрықты бітіргенше бағдарлама аяқталған болып есептелмейді деген мәселе көтеріліп жатыр", - дейді репродуктолог. Салтанат Байқошқарова екінші рет квота алғысы келіп жүрген әйелдерге оның зардаптары туралы да айтып берді. "Келесі жылында квота алдыңыз дейік. Оның әурешілігі қаншама, анализ тапсырасыз. Анализден бірнәрсе табылса, оны емдетесіз. Қаншама дәрі ішесіз. Оның бәрі қанша ақша емес пе, зиян емес пе?! Қайтадан наркозға барасыз, қайтадан ауыр-ауыр гормоналды препараттармен стимулияция жасайсыз. Менің айтып жатқаным ауыр болса да, кейбір жандардың санасына кіреді-ау, анау қатып жатқан балаларын іздейді-ау, балаларына жауапкершілікпен қарайды-ау деген үмітіміз бар", - дейді ол.

Дәрігердің сөзінше, келісімшарт бойынша жарты жылдың ішінде эмбрионды ата-анасы іздеп келмесе, оны жоюға тура келеді, себебі, ұстап отыратын жер жоқ. Репродуктолог донорлық эмбрион туралы да айта кетті. Салтанат Байқошқарова сұраусыз жатқан эмбрионды ата-анасы рұқсат бермейінше ешкімге салып бермейтінін жеткізді. "Көпшілігі не біреуге қимайды, не өзіне салғызбайды, қоқысқа тастатқызады. Осылайша, біздің жұмысымызды да, өзінің де жұмысын, уақытын еш кетіреді, мемлекеттің ақшасы да кетеді. Міне, осы мәселе бізді қатты толғандырады", - дейді Салтанат Байқошқарова.