Сырдария ауданының басшысы негізгі салалар бойынша нақты тапсырмалар жүктеді

2 263

Фото: Сырдария Ауданының ӘкімдігіСырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен кезекті мәжіліс өткізіліп, онда өңір дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін негізгі бағыттар — еңбек нарығы, суармалы егін шаруашылығы, мәдениет, білім, денсаулық сақтау, спорт және туризм салаларының қазіргі ахуалы мен алдағы міндеттері талқыланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Мәжіліс барысында аудан әкімі еңбек нарығындағы жағдайға ерекше тоқталып, бұл бағытта жоспарлы жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

– Облысымыз жұмыспен қамтудың өңірлік картасы бойынша республикада үздік үштікте. Ауданымызда да жұмыспен қамту шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу туралы тапсырмасын, сондай-ақ Ұлттық жобалар аясындағы бастамаларды нақты іске асырып, қайтарымсыз грант беру жұмыстарын жандандыру қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Аудан басшысы барлық жоспарланған көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ жастарды еңбекке тарту мен кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты нәтижеге жұмыс істеуді тапсырды.

Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – суармалы алқаптардың жағдайы мен вегетациялық кезеңнің күрделілігі болды. Аудан әкімі қазіргі су тапшылығының ел көлеміндегі мәселе екенін алға тартып, жағдайды бақылауда ұстау қажеттігін баса айтты.

– Биыл өңірімізде вегетациялық кезең өте күрделі жағдайда өтіп жатыр. Бұл мәселе Ел Президентінің, Үкіметтің және облыс әкімінің тікелей бақылауында. Сол себепті кестеге сәйкес кезектестіріп суаруды ұйымдастыру, насостардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, қолда бар су ресурстарын тиімді пайдалану – басты міндет, – деді ол.

Мәдениет, білім, денсаулық, туризм – кешенді даму жолында

Мәжілісте бұдан бөлек мәдениет, білім, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы өзекті мәселелер де қаралды. Атап айтқанда:

Мәдениет саласы бойынша — ауылдық клубтар мен кітапханалар жанындағы үйірмелердің тиімді жұмыс істеуі, тарихи-мәдени ескерткіштерді құжаттандыру және мәдени іс-шаралардың сапасын арттыру туралы айтылды;

Білім саласы бойынша — балабақшалардың қызметін жетілдіру, бала санының тиімді есепке алынуы мен тәрбие сапасына көңіл бөлу қажеттігі айтылды;

Денсаулық сақтау саласында — Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне халықты тарту, түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды;

Туризм бағытында — аудандағы ішкі туризм әлеуетін көтеру, тарихи және табиғи орындарды насихаттау, туристік маршруттарды дамыту тапсырылды;

Спорт саласында — бұқаралық спортты дамыту, жастардың дене тәрбиесіне басымдық беру жөнінде нақты міндеттер қойылды.

Мәжіліс соңында аудан әкімі берілген тапсырмалардың мерзімді әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауға алатынын ескертіп, жауапты бөлім басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Ол әр саладағы жүйелі жұмыстың басты көрсеткіші – халықтың өмір сапасының жақсаруы екенін атап өтті.

Аудан әкімдігінің бұл мәжілісі өңірдің түрлі салаларындағы өзекті мәселелерді бір орталықтан үйлестіру, жоспарларды нақты нәтижеге бағыттау және жауапкершілікті күшейту мақсатында ұйымдастырылды. Келешекте қабылданған шешімдердің орындалуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететіні сөзсіз.