Қармақшы ауданында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды
Қармақшы ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (КҚГҚ) алдын алуға бағытталған күзгі залалсыздандыру жұмыстары басталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл жұмыстар аудан әкімі Жандос Еркінбектің тапсырмасына сәйкес, жүйелі әрі тиімді ұйымдастырылуы үшін ауылдық округ әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілген болатын.
Басты мақсат – халықтың қауіпсіздігі мен санитарлық тұрақтылық
Залалсыздандыру жұмыстарының алғашқы кезеңі бүгін аудан әкімі аппаратының басшысы Диас Молдабаевтың қатысуымен басталды. Шараға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен ветеринария саласының білікті мамандары тартылды.
Аталған жұмыстарды «SATTI TULIK» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асыруда. Қазіргі таңда залалсыздандыруға:
- 7 қызметкер
- 6 арнайы техника
- «Креолин-Х5%» дәрілік препараты жұмылдырылған.
Жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіледі
Бүгінде залалсыздандыру жұмыстары Жосалы кентінде басталып, одан әрі Қармақшы, Қызылтам, Ордазы, Қорқыт, Диірментөбе елді мекендерінде жалғасатын болады. Әр ауылдық округте үй аулалары, мал қоралар және басқа да қауіп аймақтары толық қамтылмақ.
Халыққа үндеу: санитарлық талапты ұстанайық!
Аудан тұрғындарына кенеге қарсы дәрілеудің тиімділігін арттыру үшін өз аулаларында да санитарлық тазалықты қамтамасыз ету қажеттігі ескертілуде. Әсіресе, мал ұстайтын қора-жайларда механикалық тазарту жұмыстарын тұрақты жүргізу аса маңызды.
ҚҰРМЕТТІ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ!
Өзіңіздің және отбасыңыздың денсаулығы үшін үй маңында тазалық сақтап, залалсыздандыру шараларына түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Аурудың алдын алу – өз қолымызда.
Кенеге қарсы күзгі дәрілеу – аудандағы эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Бұл бағытта жергілікті билік пен жауапты мекемелер жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Ал тұрғындардың қолдауы мен санитарлық талаптарды сақтау – залалсыздандыру шарасының табысты болуына ықпал етеді.







