Қызылордада Құрылысшылар күні салтанатты түрде аталып өтті

2 240

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» Құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Ергешбаев, облыстық құқық қорғау органдарының жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, сала ардагерлері мен құрылысшылар қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Ел дамуына сүбелі үлес қосқан сала мамандарына құрмет

Салтанатты жиынды ашқан Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, құрылыс саласының қоғамдағы маңызды рөлін ерекше атап өтті.

«Құрылыс саласында қызмет ету – бұл жай ғана мамандық емес, бұл – елге қызмет ету. Құрылысы қарымды елдің экономикасы да қуатты. Сіздердің елеулі еңбектеріңіздің арқасында Сыр өңірінің сәулеттік келбеті жаңарып, заманауи ғимараттар бой көтеруде. Бұл – тұрғындардың өмір сапасын арттыру жолындағы ортақ жетістік», – деді аймақ басшысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2024 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғаны белгілі. Бұл бастама ел экономикасы мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі еңбек адамдарының рөлін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

«Жақында ғана Мемлекет басшысының Жарлығымен өңіріміздің бірқатар металлургтері, теміржолшылары мен құрылысшылары мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл – еңбек адамына көрсетілген зор құрмет», – деді Н.Нәлібаев.

Құрылыс қарқыны – өңір дамуының көрсеткіші

Облыс әкімінің айтуынша, Қызылорда өңірі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының нәтижесінде қарқынды дамып келеді. Соңғы үш жылда аймақтың бюджеті 226 пайызға өсіп, 823 млрд теңгеден асты. Оның ішінде 2024 жылы 166,8 млрд теңге қаражат 96 инфрақұрылымдық жобаның құрылысын қаржыландыруға бағытталған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 8 есе артық.

Құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша Қызылорда облысы бүгінде республика бойынша үздік аймақтардың қатарында тұр.

Сала үздіктері марапатталды

Мерекелік шара аясында құрылыс саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар мамандар мен ардагерлерге:

  • «Достық», «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек даңқы» орден-медальдары,
  • ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі,
  • ҚР Құрмет грамотасы және
  • Қызылорда облысының Құрмет грамотасы тапсырылып, еңбектері лайықты деңгейде бағаланды.

Мерекелік кешке өнерпаздар көрік берді

Салтанатты шараны Қызылорданың талантты өнерпаздары – Қайрат Баекенов пен әнші-композитор Жарасхан Төлеубай көркем әндерімен әрледі. Кеш жылы атмосферада өтіп, құрылысшылар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Еңбекқор құрылысшылардың арқасында өңір дамып, жаңа нысандар бой көтеруде. Олардың табанды еңбегі – ел болашағына қосылған зор үлес.