Ел мерейін асқақтатқан ерлік: Қызылорда облысының әкімі Олимпиада чемпионы Елдос Сметовпен кездесті

2 249

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, дзюдошы Елдос Сметовпен кездесті. Кездесу барысында аймақ басшысы даңқты спортшының тарихи жетістігін ерекше атап өтіп, оның спорт саласындағы табандылығы мен жанқиярлық еңбегін жоғары бағалады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

«Сізді былтыр Парижде өткен Жазғы Олимпиада ойындарында көк туымызды көкке көтеріп, халқымызға тарихи алтын медаль сыйлаған зор жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Дзюдо күресінен Қазақстанның алғашқы алтын медалін алу — ұлт жадында алтын әріппен жазылатын ерлік», — деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Аймақ басшысы Елдос Сметовтің үш бірдей Олимпиада ойындарында жүлдегер атанып, ел спортының биік шыңынан көрінгенін үлкен мақтаныш ретінде атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Спортшыларымыздың ерлігі – ел рухын көтеретін, ұлт бірлігін нығайтатын маңызды фактор» деген сөзіне тоқталып, бұл жетістік жастарға үлгі, барша халыққа қуаныш сыйлаған тарихи сәт екенін жеткізді.

Елдос Сметов: «Ел сенімін ақтау – басты мақсат»

Өз кезегінде Елдос Сметов облыс әкіміне көрсетілген құрмет пен сенім үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғай беретінін жеткізді.

«Бұл жеңіс — тек жеке жетістік емес, бүкіл халықтың қолдауы мен сенімінің нәтижесі. Алдағы уақытта да жас спортшыларға үлгі болып, Қазақстан спортының дамуына үлес қоса беремін», — деді Олимпиада чемпионы.

Ол өңірде бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы бастамаларға қолдау көрсетуге әрқашан дайын екенін атап өтті.

Бұл кездесу – қазақстандық спорттың биік белестерін бағындырған тұлғаларға деген құрмет пен ел рухын көтеретін жетістіктердің маңызын көрсететін маңызды шара болды. Облыс әкімдігі алдағы уақытта да спортшыларды қолдап, өңір жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.