Жамбыл облысындағы жарылыстан төрт әскери қызметкер қаза тапты

429
Кеше, 26 тамыз күні Жамбыл облысындағы Қорғаныс министрлігі қоймасында болған жарылыстан төрт әскери қызметкер қаза тапты. Бұл туралы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев онлайн-брифинг кезінде мәлімдеді.

"Біріншіден, өрт сөндіру кезінде қайтыс болған төрт әскери қызметкердің жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Зардап шеккендерге тезірек сауығып кетуін тілейміз", - деді министр.

Зардап шеккендердің барлығына медициналық көмек көрсетілуде.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, келісімшарт бойынша екі әскери қызметші – 1981 жылы туған сержант Марат Сайлауұлы Мешінбай және 1981 жылы туған ефрейтор Руслан Жүрсінбайұлы Жанболатов, 1969 жылы туған әскерилендірілген күзет қызметшісі азамат Оразбек Дайырбекұлы Далибаев қаза тапты.

Сержант Марат Мешінбай мен ефрейтор Руслан Жанболатов өрттің алғашқы минуттарынан бастап әскери бөлімнің өрт сөндіру командасының құрамында болды. Жарылыстардың жанында болып, олар ауыр жарақаттар алды.

"Әскерилендірілген күзет қызметшісі Оразбек Далибаев қойманы күзету жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі қызметін атқарды. Қызметтік міндеттерін атқаруда оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан қаза тапты.


Қорғаныс министрлігі қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қорғаныс ведомствосы тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету бойынша барлық шаралар қабылданатын болады"- делінген министрлік түсіндірмесінде.

Айта кету керек, қайтыс болғандар қатарында азаматтық тұлғалар жоқ. Бүгін ТЖ салдарынан алты адамдың халі ауыр екені белгілі болды. Ауруханада 28 адам жатыр. Бастапқыда 66 адамның зардап шеккені туралы ақпарат тараған.