Қызылорда облысында егін жинауға дайындық және ауыл шаруашылығы санағы талқыланды

2 297

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіБүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен егін жинау науқанына әзірлік пен Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын сапалы өткізу мәселелеріне арналған кеңейтілген жиналыс өтті. Оған облыстық басқарма басшылары, аудан әкімдері селекторлық байланыс арқылы және жауапты мекеме өкілдері қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Вегетациялық кезең — күрделі, бірақ жүйелі қолдаумен еңсерілді

Жиында аймақ басшысы биылғы вегетациялық кезеңнің ерекше қиын жағдайда өткенін атап өтті. Су тапшылығы жағдайында егінді шығынсыз өсіру және жинап алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілген.

«Мемлекет басшысының қолдауымен Үкімет деңгейінде көршілес мемлекеттермен нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, өңіріміздегі су тапшылығын болдырмау бағытында нақты шаралар қабылданды. Президент тапсырмасына сәйкес Премьер-Министр бастаған Үкіметтік делегация облысқа арнайы жұмыс сапарымен келіп, жағдаймен танысты. Ауыл шаруашылығы және Су ресурстары министрлері бірнеше рет арнайы келіп, су жеткізу мәселесін бірлесіп шешті», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің барлық өңірінен 139 маман мен 25 насос қондырғысын жұмылдырып, екі ай бойы үздіксіз жұмыс жүргізді.

Егін орағы — қатаң бақылауда

Облыс бойынша 189 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның ішінде 80 900 гектар – күріш алқаптары. Үкімет бекіткен Жол картасына сәйкес, суды аз қажет ететін мал азығы және майлы дақылдардың үлесі артып отыр.

Енді негізгі міндет – егіннің әр түйірін ысырапсыз және дер кезінде жинау.

«Қолда бар техникалық және адами ресурстарды тиімді пайдаланып, егін жинау науқанын қатаң бақылауда ұстау қажет. Бұл — тек аграрлық сала емес, бүкіл өңір экономикасы үшін маңызды кезең», – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.

Ауыл шаруашылығы санағы — маңызды мемлекеттік шара

Жиын барысында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының өткізілу барысы да талқыланды. Статистика департаменті мен ауыл шаруашылығы, ветеринария басқармаларының басшылары есеп беріп, қазіргі ахуалмен таныстырды.

Аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне санақ жүргізушілерге жан-жақты қолдау көрсетуді, мәліметтердің нақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл санақтың нәтижесі ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік жоспарлау мен қаржыландыруда маңызды рөл атқарады.

Қосымша тапсырмалар: тұрғын үй, кәсіпкерлік, коммуналдық инфрақұрылым

Кеңес соңында облыс әкімі өңірлік дамудың өзге де маңызды бағыттарына тоқталып, төмендегідей нақты тапсырмалар берді:

  • Тұрғын үйлерді уақытында пайдалануға беру;
  • Шағын өнеркәсіптік аймақтағы кәсіпорындардың іске қосылуын қамтамасыз ету;
  • Коммуналдық базарларға кәсіпкерлерді орналастыруды жеделдету.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық сала басшылары мен аудан әкімдеріне егін орағын ұйымшылдықпен өткізу, ауыл шаруашылығы санағын сапалы жүргізу және экономиканың өзге де бағыттары бойынша жауапкершілікпен жұмыс істеу қажеттігін қадап айтты.