Мойнынан пышақталған әйел комаға түсті
Алматы тұрғыны пышақтан ауыр жарақат алды. Оның туыстары күдіктінің бостандықта жүргенін айтып, дабыл қағып отыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
"Әлеуметтік желіде осындай жазба жариялап, жұрттан көмек сұраймын деп ешқашан ойлаған емеспін. Менің сіңлім – Виктория Мунировна Тюняева. Ол өз күйеуінің қатыгез шабуылына ұшырады. Екеуі ресми некеде болған. Оқиға салдарынан сіңлімнің мойнына сұғылып-кесілген жарақат түсті. Қазір ол ауруханада өте ауыр жағдайда, комада жатыр. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Осы дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеуді Алматы қаласы Түрксіб ауданының тергеу бөлімі жүргізіп жатыр. Ең қорқыныштысы – сіңлімнің жағдайына қарамастан, күдікті бостандықта жүр. Бізге белгілі мәлімет бойынша, әзірге оның әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 108-1-бабы – "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бойынша сараланған", – деп жазды ол.
Іске араласқан қоғам белсенділері Полиция басқармасына зардап шеккен әйелдің әпкесі мен олардың адвокатын кіргізбей отырғанын мәлімдеді.
"Бізге белгілі жалғыз нәрсе – ол бостандықта жүр, ауруханаға келіп, жөргек әкеледі. Қауіпті болуы мүмкін екеніне қарамастан, оның Викторияға баруына мүмкіндік берілген. Әпкесі eOtinish арқылы Президент Әкімшілігіне, ІІМ мен прокуратураға шағым жолдады", – деп жазды қоғам белсендісі.
Оның мәліметінше, Виктория жексенбіден дүйсенбіге қараған түні жараланған. Оның кеңірдегі мен мойындырық венасы кесіліп, екі операция жасалған. Магниттік-резонанстық томография миының ауқымды ишемиясын көрсеткен.
27 тамызда Евгения полициядан ақыры хабарласып, тергеушінің телефон нөмірін бергенін айтты.
"Қоңырау шалғанымда, күліп: "Ертең немесе бүрсігүні келіңіз", – деді", – деп сипаттады ол тергеушімен болған әңгімені.
Ал оның сіңлісі әлі күнге дейін ес-түссіз жатыр. Евгенияның айтуынша, дәрігерлер әзірге ешқандай болжам бермеген.
Материал жарияланған сәтте Алматы қаласының Полиция департаменті бұл іске қатысты түсініктеме берген жоқ.
21 тамызда Алматыда ер адамның өз енесіне жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны хабарланған еді. Ол жағдайда да зардап шеккен әйелдің туыстары прокуратураның араласуын талап етті.
Қаз
Рус






