ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАҢҒЫБАС ИТТЕР ҚАПТАП ЖҮР

5 108

Коллаж: Ұлыс медиаҚызылорда қаласында соңғы айларда қаңғыбас иттердің күрт көбеюі тұрғындардың алаңдаушылығын күшейтті. Балаларға шабуыл жасау, дене жарақаттары, инфекциялық аурулардың таралу қаупі – күн тәртібіндегі өткір мәселеге айналып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Тұрғындардың айтуынша, әсіресе Сәулет, Астана, Арай, Тасбөгет, Ақмешіт және Ақмаржан ықшам аудандарында, сондай-ақ қала орталығында қаңғыбас иттер топпен жүріп, адамдарға жиі шабуылдайды. Қала тұрғыны Райхан Әлиеваның сөзінше, ұлы аулада ойнап жүргенде итке таланып, ауруханаға түскен. 

«Иттер балаларды көрсе, бірден шабуылдайды», – дейді тұрғындар.


Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жыл басынан бері Қызылорда облысында 1426 адам иттер мен түрлі жануарлардан  зардап шеккен, олардың 76,1% пайызы – иттердің құрбаны. Бұл тек тіркелген жағдайлар ғана. Ал тіркелмеген фактілер бұдан да көп болуы мүмкін.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті соңғы жарты жылда иттер арқылы таралатын жұқпалы аурулар тіркелмегенін мәлімдеді. Дегенмен дәрігерлер қаңғыбас иттердің тері және ішек ауруларының тасымалдаушысы екенін айтып, алаңдаушылық білдіруде.

Мәселенің түп төркіні – 2021 жылы қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қаңғыбас иттерді атуға тыйым салып, оларды тек аулап, стерилизация жасап, қайта босатуды міндеттейді. Алайда Қызылордада бұл процесті жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылым жоқ. Қалада уақытша ұстау орталығы салынбаған, ал оның құрылысына қажетті қаржы әлі бөлінбеген.

Жергілікті әкімдік өкілдері бұл мәселенің бір күнде шешілмейтінін айтумен ғана шектеліп отыр. Ал тұрғындар күн сайын үреймен өмір сүруге мәжбүр. Әлеуметтік желілерде наразылық білдіріп жатқан халықтың бірі: «Балам мектепке жалғыз бара алмайды, әр күні итке тап бола ма деп қорқамыз», – десе, енді бірі: 

«Адам өмірінен жануардың құқығын жоғары қойған заң кімге керек?» – дейді Райхан.


Жуырда Тасбөгет кентіндегі Махамбетов көшесінде ойнап жүрген баланы қаңғыбас ит талап, ауруханаға жеткізілген болатын. Қала аумағында және орталық көшелер мен көпқабатты үйлердің маңайын торуылдаған төртаяқтыға шектеу қоя алмай отырған жайымыз бар. Жасыратыны жоқ Қызылорда қаласының тұрғындары  иттерден көз ашпай отырғандарын айтып, дабыл қағуда. Әлеуметтік желіге жүктеп қана шектеліп жатқандығы қынжылтады.

Өкінішке қарай, Облыстық ветеринария басқармасынан бұл мәселеге қатысты ресми жауап алу мүмкін болмады. Қызметкерлердің бар айтатыны:

 "Заң қабылданды. Біз ештеңе істей алмаймыз!". 


Бір жылда 3 мәрте күшіктейтін жануардың жағдайы жасалмаса да құқығы қорғалып жатыр. Ал, қаңғыбас иттерді азайту мақcатында жасалып жатқан шаралар бар, десек те нәтижесі жоқтың қасы.

Қызылордадағы қаңғыбас иттер мәселесі қоғамдағы ең өзекті тақырыптардың біріне айналды. Бұл түйткіл адам өмірі мен жануар құқығы арасындағы тепе-теңдікті қайта қарауды талап етеді. Тиісті инфрақұрылым құрып, нақты шаралар қабылданбаса, мәселе ушыға бермек. Сондықтан билік пен қоғам бірлесіп, адам қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, жануарларға да жауапкершілікпен қарайтын тиімді шешім табуы қажет.