"Қайрат" – "Реал" матчына билет алып, ойынға кіре алмағандар ақшасын қайтара алады
Ticketon компаниясы "Қайрат" – "Реал" матчына билет алып, ойынға кіре алмағандардың ақшасын қайтаруға уәде берді. Алайда бұл ақша бәріне бірдей қайтарылады дегенді білдірмейді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Қайрат" – "Реал" матчы аяқталса да, ойынға қатысты шағымдар толастамай тұр. Көптеген адам жарамды билеттері болғанына қарамастан Алматыдағы тарихи матчқа қатыса алмады. Ең қымбат билеттерді сатып алған жанкүйерлердің арасында да стадионға кіре алмағандар бар. Қазір олар билет үшін төлеген ақшаларын қайтаруды талап етуде.
Freedom Ticketon компаниясы бұл адамдарға билеттің ақшасын қайтаруға дайын екенін мәлімдеді. Алайда белгілі шарттарға сай келген жағдайда ғана.
Компания тек үш ресми интернет-ресурстан алынған билеттердің ақшасы ғана қайтарылатынын атап өтті. Олар: Freedom SuperApp қосымшасы, Ticketon.kz сайты және Qairat SuperApp мобильді қосымшасы арқылы алынған билеттер.
Компания өкілі делдалдардан сатып алынған немесе сыйлық ретінде берілген билеттердің ақшасы қайтарылмайтынын атап өтіп, компания әр билеттің шынайлығын тексеруге дайын екенін айтты.
Ticketon өкілі жүйе сатып алушыны ЖСН және төлем картасы арқылы тексеруге мүмкіндік беретінін, ресми транзакция болса, ақшаның қайтарылатынын нақтылады.







