46 млрд теңгелік алаяқтық: жалған стоматологиялар мен БЖЗҚ ақшасын жымқырған топқа іздеу жарияланды

1 587

Фото: АФМ РКҚаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) жалған стоматологиялық клиникалар арқылы БЖЗҚ-дан 46 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз шығарған қылмыстық топ басшыларына іздеу жариялады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Күдіктілер — Аслан Дүйсенов, Ғаббас Имамбает және Есімхан Елешев. Олардың бірі бұрынғы полиция қызметкері, бұған дейін де ауыр қылмыс жасап, сотталған.

Фото: Видеодан скринБұл алаяқтық схемада жалған медициналық құжаттар арқылы азаматтарға зейнетақы жинағын шешіп алуға "көмек көрсетілген". Қылмыстық топ ел бойынша — Атырау, Алматы, Астана, Шымкент, Ақтауда — 30-дан астам жалған тіс емханасын пайдаланған. Олар іс жүзінде жұмыс істемеген, білікті мамандары, жабдықтары болмаған.

Тергеу нәтижесінде:

200 млрд теңгеге жуық зейнетақы ақшасының заңсыз шығарылғаны анықталды,

15 қымбат көлік (Mercedes G-class, BMW X7, Porsche Taycan және т.б.), жылжымайтын мүлік, зергерлік бұйымдар тәркіленді,

226 адам дроппер ретінде қолма-қол ақша алуға пайдаланылған,

50-ге жуық күдікті ұсталып, бірқатары үйқамаққа жіберілді.

Мәселен, жалғыз бір клиника 22,9 млрд теңге алған. Бір азамат тек тіс емдеу үшін 32,6 млн теңге алған — бұл 65 имплант қоюға жететін сома.

ҚМА тергеу кезінде қарапайым азаматтар жазаланбайтынын, олар тек өз ақшасын алғанын атап өтті. Алайда бұл алаяқтықтың салдарынан шын мұқтаж адамдарға тіс емдеуге арналған қызмет уақытша тоқтатылды. Енді 2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап enpf-otbasy.kz арқылы тіс емдеуге өтініш қабылдау 2026 жылдың сәуіріне дейін тоқтатылады. Болашақта бұл мүмкіндік мүлдем жойылуы мүмкін.

Жалпы, 2021 жылдан бері 1 миллионнан астам адам стоматологиялық қызметке зейнетақы жинағын пайдалануға өтініш берген. 932 млрд теңге аударылып, соның 88 млрд теңгесі қайта қайтарылған.

Сарапшылар бұл оқиғаны «алаяқтарға тосқауыл қоя алмаған жүйенің әлсіздігі» деп бағалайды. Кезекті рет бүкіл ел — алаяқтардың кесірінен — тағы бір маңызды әлеуметтік мүмкіндіктен айырылғалы отыр.