Биыл ақпан айында үйдің жанында тұратын көршілер “Немолчи” қорына көрші отбасындағы балалардың ауыр халде өмір сүріп жатқанын айтып, дабыл қаққан, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Көршілердің айтуынша, балалардың тұрмыс жағдайы өте мүшкіл болған.
“Байқұс балаларға жанымыз ашиды. Аналары ішімдікке салынған, үйлерінде төсек те жоқ, суық. Отын мен көмір жоқ, тамақтары тапшы. Балалар жиі ауырып жүреді. Үйдің іші бөтелке мен темекі тұқылына толы. Үлкені 9-сыныпта, ортаншысы 7-сыныпта, кішісі 3-сыныпта оқиды. Бірдеңе сатып алу үшін балалар өздері жалданып жұмыс істейді. Өгей әкесі ортаншы баланы зорлайтын сияқты. Ол көмек сұрап, күнделігіне өз жағдайын жазып, өмір сүргім келмейді деп жазған. Мектеп бұл жайттан хабардар, бірақ мәселе ұзақ уақыт бойы шешілмей келеді”, – делінген көршілердің “Немолчи” қорына жазған хатында.
Оқиға туралы хабар алғаннан кейін “Немолчи” қоры отбасының мекенжайын және балалардың жеке мәліметтерін нақтылап, барлық ақпаратты ювеналды полицияға жолдаған. Тәртіп сақшылары келген соң тексеріс басталған. Осыдан кейін қор өкілдері істі бақылауды уақытша тоқтатқанымен, кейін бұл шешімнің қате болғанын мойындаған.
Алматы облысының полиция департаменті бұл жағдайдың рас екенін растады.
– Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық тергеу әрекеттері Алматы облыстық полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізілуде. Тергеу оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған. Істің барысы облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауында, – деп хабарлады ведомство өкілдері.