Балаларын ұрып, әйелін жүре алмайтын деңгейге жеткізген ер адам ұсталды
Петропавл қаласында ер адам әйеліне ұзақ уақыт бойы зорлық-зомбылық көрсетіп, бес баласына қараусыздық танытқаны үшін айыпталып отыр. Оқиға туралы ақпаратты «НеМолчи.kz» қоры өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қор мәліметінше, зардап шеккен көп балалы ананың туысы көмек сұрап хабарласқан. Әйел жылдар бойы күйеуінің соққысына ұшырап, ауыр жарақат алған.
Қазіргі уақытта әйел анасымен бірге тұрады, өздігінен жүре алмайды және оған тұрақты күтім қажет. Ал бес баласы бұрын әкесінің қолында болған. Туыстары ең кіші баланың қайда екенін білмей, уайымдап отырғанын айтқан.
Қордың мәліметінше, ер адам жұмыс істемейді, балаларды өз бетімен қалдырған және әйелінің әлеуметтік жәрдемақы картасын иеленіп алған. Сондай-ақ оның әлеуметтік желілерде агрессивті мінез көрсеткен видеолары бар. Кейбір бейнежазбаларда ол жалаңаш күйінде орынсыз әрекеттер жасаған, олардың скриншоттары полицияға тапсырылған.
Полицияның жауабы
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру жүргізгенін хабарлады.
Әйел күйеуінің әрекетіне қатысты арыз жазған. Ер адам уақытша қамауға алынып, әкімшілік іс қозғалды. Балалар анасына қайтарылды.
Қамқоршылық органдары балаларды уақытша кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастыруды жоспарлап отыр. Кейін олар анасымен бірге тұратын болады. Балаларға және анасына психологиялық көмек көрсетіледі.







