Еліміздің бір облысында оқушыларға вакцина салу жоспарланып отыр

381
Ақтөбе облысында оқушыларға вакцина салу жоспарланып отыр деп хабарлайды Хабар 24.

Телеарна дерегінше, Ақтөбе облысының мектептерінде санитарлық талап күшейтілген Күнделікті зарарсыздандыру үшін қосымша құралдардың алынғаны белгілі болды. Кіреберісте дене қызуын өлшеу тәртібін айтпағанда, әрбір класқа кварцты электр шамдары да орнатылған. Үзіліс кезінде зиянды микробтарды жойып отыру керек. Білім беру үрдісі дәстүрлі жүйеге көшкендіктен балалардың қауіпсіздігі маңызды. 

Мектеп қызметкерлері мен мұғалімдер  екпе салдырған. Ал денсаулығына байланысты қарсы көрсетілім барлар арнайы анықтама алған. Вакцинадан мүлде бас тартқандардан ПТР анықтамасы талап етіледі. Сырттан келгендер "Ашық" қосымшасының тексеруінен кейін ғана кіре алады.

"Оқушылар бірнеше бағыттан енгізіледі және "бір класс-бір кабинет" жүйесінде оқиды. Өзара алмасу болмайды және оқушылар бетперде киеді және термометрия күнделікті түрде және жиі мектепті желдетіп тазарту жұмыстарын жүргізіп отырамыз", - деді облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.

Өңірдегі 418 мектептің 25-інде орын тапшы. Сондықтан бұл білім беру мекемелерінде кейбір пән онлайн өтетін болады. Бұдан бөлек коронавирус жұқтырған 380 ақтөбелік оқушы әзірге мектепке бармайды. Олардың 24-і ауруханада жатыр.  

 Дәрігерлердің сөзінше, жұқпалы вирустың жаңа штамы пайда болғалы балалар да жиі ауратын  болған. Сондықтан 12 мен 18 жас аралығындағы жеткіншектерге де екпе салу жоспарланып отыр.  



Қазан айына жоспарланған бұл науқан кезінде американдық компанияның дәрі-дәрмегін қолдану көзделіп отыр. Ал қылмыстық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық мектепте бейнебақылау камералары орнатылып, арнаулы күзет мекемелері мамандары жұмылдырылған.  Айта кетейік, өңірде биыл 18 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Жалпы облыс аумағында 167 мың оқушы бар.