Сабалақ тұрғындары жарық тапшылығына байланысты шағымдануда
Қызылорданың Сабалақ елді мекенінің тұрғындары 15 қарашадан бері электр қуатының әлсіздігінен әбден қажыды. Тұрғындардың айтуынша, кешкі 17:00-ден кейін жарық жиі өшіп-қосылып, кернеу 170 вольттен жоғары көтерілмей қалған. Соның салдарынан үйдегі техника істемей, газдың да болмауы жағдайды одан әрі ушықтырған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Халық күнделікті тұрмысқа қажетті пеш пен құрылғыларды қолдана алмай отыр. Балалар суық үйлерде тоңып отыр, ал кондиционер арқылы жылытуға тырысқан отбасылар электр жүктемесінің төмендігінен нәтижеге жете алмай әуре-сарсаңға түскен.
Тұрғындардың айтуынша, жергілікті билік жағдайды жіті бақылауда ұстап отырмыз десе де, мәселе әлі шешімін таппаған.
Қаланың шет аймақтары инфрақұрылымдық проблемаларға жиі тап болатынына алаңдаған халық әкімдіктен нақты түсініктеме мен жүйелі шаралар күтеді.
Тұрғындар биліктен күнделікті өмірді қиындатқан электр мәселесін созбалаңға салмай, тез арада түбегейлі шешуді талап етуде.







