Жұмыспен қамту орталығының басшысы 78 туысын жалған жұмысқа орналастырған

1 956

Фото: Қаржы мониторингі агенттігіТүркістан қаласында азаматтардың жалақысын субсидиялауға арналған бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сот үкімі шықты. Қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті тергеген,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Тергеу материалдарына сәйкес, "Еңбек мобильділігі орталығының" бұрынғы директоры, "Жұмыс берушілерді қолдау" бөлімінің қызметкері және бірқатар коммерциялық ұйым басшылары мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидияланатын жұмыс орындарына азаматтарды жалған рәсімдеп, бюджет қаржысын заңсыз иемденген.

Орталықтың қызметкері кәсіпкерлердің электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін өтінімдер берген. Құжаттарда барлығы жалған жұмыс орындары көрсетіліп, нақты еңбек атқармаған азаматтар қабылданғаны туралы бұйрықтар рәсімделген. Кәсіпкерлер өз таныстары мен туыстарын “жұмысқа орналасасыңдар” деген сылтаумен банктік шот ашуға көндірген. Алайда бұл шоттар тек жалған қызметкерлерге арналған жалақыны өткізу үшін пайдаланылған.

Жүйеге ай сайын жалған табельдер енгізіліп, соның негізінде қаражат "жұмысшылардың" шоттарына аударылған. Түскен қаражат кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, бөлім қызметкеріне тапсырылып, схеманың қатысушылары арасында бөлініп отырған.

Барлығы 78 адам жалған түрде жұмысқа орналастырылып, мемлекетке 49 миллион теңгеден астам залал келтірілген.

Сот үкімімен үш айыпталушы 4 жыл 6 айдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Екі кәсіпкерге 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Мемлекетке келтірілген материалдық шығын толық өтелген. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.