Қазан айында Қазақстан пен Катар арасында әуе қатынасы ашылады

664
Qatar Airways Қазақстанға әуе рейстерін ашады деп хабарлайды Азаматтық авиация комитеті Telegram-дағы ресми арнасында. 
2021 жылғы 31 тамызда Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында Қазақстан мен Катар арасында тұрақты әуе қатынасын ашу мәселесі талқыланған еді. Осыдан кейін Азаматтық авиация комитеті және Катар елінің авиациялық билік органдары екі ел арасындағы әуе қатынасы саласында құқықтық базаны құру және кеңейту жөніндегі жұмысты қолға алған. Осылайша "Qatar Airways" әуе компаниясы 2021 жылғы 15 қазаннан бастап Доха және Алматы қалалары арасында тұрақты рейстерді орындауды жоспарлап отыр. Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компания сайтында жарияланған кестеге сәйкес А-320 үлгісіндегі әуе кемесімен дүйсенбі және жұма күндері аптасына 2 рейс жиілігімен орындалады. 
Сонымен қатар, ведомство екі ел арасында тұрақты рейстердің ашылуы Қазақстан мен Катар арасындағы сауда-экономикалық, мәдени және туристік қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететінін атап өтті.