Балабақша тәрбиешісі ерекше қажеттілігі бар баланы тұншықтырған
Семейдегі балабақшалардың бірінде ерекше қажеттілігі бар бүлдіршінді тәрбиеші тұншықтырғаны анықталып, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Жәбірленушінің анасы Арай Аралханованың айтуынша, 5 жасар ұлының сөйлеу қабілетінде кідіріс бар, сондықтан ол өзіне көрсетілген қысымды түсіндіріп айта алмаған. Баланың мазасызданғанын байқаған ата-анасы бақылау камерасының жазбасын көргенде шошып қалған.
“Видеоны көрген бойда полицияға жүгіндім. Тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бірақ оқиға 10 қыркүйекте болғанына қарамастан, іс әлі созылып келеді. Ол балалармен жұмыс істемеуі тиіс. Жазбада баламды қалай тұншықтырғаны анық көрінеді”, – дейді анасы.
Бейнежазбада тәрбиешінің баланы бірнеше рет тартып, түрткілеп, ұйықтатуға тырысқан сәттері түсіп қалған. Ең сорақысы — әйел баланың басына дейін көрпемен бүркеп, үстінен еңкейе жатып алған. Ал тәрбиеші өзінің кінәсін мойындамай, “солай тыныштандырдым” деп түсініктеме берген.
Жазбаны көрген басқа ата-аналар да наразылық білдіріп,тәрбиешіні қызметтен босатуға талап қойған.
Полиция қазір “Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау” бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Ал №9 “Айгөлек” балабақшасының меңгерушісі Гүлнар Жұмағалиева мұндай жағдай алғаш рет тіркелгенін, бірақ тәрбиешіге шара қолдану мүмкін еместігін айтты.
“Тәрбиеші қазір декреттік демалыста. Төрт баланың анасы. Тергеу жүріп жатыр, ол қызметтен шеттетілді”, – деді балабақша басшысы.







