Экс-министр Қуандық Бишімбаев бұрыңғы жұбайы Назым Қаһарманға ерекше сыйлық сыйлады

1 878

Коллаж: stan.kzЭкс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман туған күнінде экс-күйеуінен алған күтпеген “сыйы” жайлы мәлімдеді,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Назым Қаһарман Instagram-дағы парақшасында бүгін туған күнін атап өтіп жатқанын жазып, таңертең қолына Бишімбаевтен екі бірдей сотқа шақырту қағазы түскенін айтты. Оның сөзінше, шақыртулар жедел жеткізу арқылы жіберілген.

Ол өткен жылы ата-ана құқығынан айыру жөніндегі сот кезінде Бишімбаев сенімхат беруге міндеттелгенін еске алды. Алайда сенімхат тек 10 айға жарамды болып, тамыз айының соңында ол құжатты кері қайтарып алған. Енді экс-министр балалардың атына берілген келісімдерді де күшін жоюға әрекеттеніп жатқан көрінеді.

Назым Қаһарман бұл қадамдар құқықтық мәселе емес, психологиялық қысым көрсету амалы дейді.

— “Мұндай адамдардан құтылу өте қиын. Олар соңына дейін жабысып алады. Әсіресе, сен адал болсаң, энергияңды берсең, жақсылық жасасаң — мұндай адамдар жай кетпейді. Биыл өзіме бір ғана нәрсе тілеймін: олардан құтылу”, — деді ол.

Белгілі болғандай, Назым Қаһарман мен Қуандық Бишімбаев 14 жыл отасқан, олардың үш баласы бар. Жұбайлар экс-министрдің сыбайлас жемқорлық ісі бойынша түрмеден босап шыққанынан бір жылдан кейін, 2020 жылы ажырасқан.

Еске сала кетейік, Астанадағы Bau мейрамханасында 2-ші әйелі Салтанат Нукенованы өлтіргені үшін Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасыру бабы бойынша 4 жылға сотталған.