Мектеп жөндеуге келмейді: Жамбыл облысында зардап шеккен ауыл балалары енді қалай оқиды

487

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Жібек жолы ауылындағы жарылыстан зардап шеккен №5 мектеп жөндеуге келмейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.


Мектеп ғимараты 1958 жылы салынған екен. Онда 115 бала оқыған.

"Әскери бөлімдегі жарылыстан кейін мектептің төбесі опырылған. Қабырғалары мен терезелері бүлінген. Ғимарат апатты жағдайда және күрделі жөндеуге келмейді", - делінген таратылған хабарламада. 

Қазір оқушылар Жібек жолы ауылынан 4 шақырым жерде орналасқан Жаңатұрмыс ауылындағы мектепке барады. Жергілікті билік балаларды мектепке апарып, алып келу үшін автобустар бөлді.

Қазір 150 орынды жаңа ғимараттың құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Мектеп салу үшін жер телімі бөлінді.

"Жарылыстан кейін зардап шеккен Байзақ ауданының ауылдарында қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Байзақ, Базарбай, Жаңатұрмыс, Көкбастау ауылдарында орналасқан мектептер толығымен қалпына келтіріліп, бірінші қыркүйекте оқушыларды қабылдады", - деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігі.

Қалған мектептер бүлінбеген және штаттық режимде жұмыс істеуін жалғастыруда.