"Армиядағы тәртіпті жеке бақылауымда ұстаймын" – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Turkistan” газетіне берген сұхбатында Қазақстан армиясындағы сарбаздардың қазасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, бейбіт уақытта әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың өлімі – өте ауыр мәселе. Бұл тақырып барлық күштік құрылым басшылары қатысқан жуырдағы кеңесте арнайы көтерілген.
“Қорғаныс саласына жауапты мекемелердің басшылығын тәрбие жұмысының жеткіліксіздігі үшін қатаң сынға алдым. Армия жас сарбаздарға қамқорлық көрсетіп, оларды елге адал азамат етіп тәрбиелеуі тиіс. Командирлер әскери қызметшілерге әрдайым үлгі болуы керек. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдық пен жершілдікке мүлде жол берілмейді. Бұл мәселелерді өзім тікелей бақылауда ұстаймын. Жағдайды түзету үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым. Сонымен қатар, қайғылы оқиғалар барлық әскери бөлімдерге тән емес екенін де атап өткім келеді. Жүргізілген тексерістер әскерде тәртіптің қатаң сақталатынын көрсетті”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ кейбір танымал блогерлердің әскердегі жағдайды бұрмалап көрсетіп жүргенін айтты.
“Олар армияны сарбаздар күн сайын қылмыс құрбанына айналатын орын ретінде сипаттайды. Алайда шындық мүлде басқа. Әскери қызмет – жас азаматтардың өзін дамытуына мүмкіндік беретін маңызды кезең. Әскерден оралған жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін білім ала алады. Қызмет барысында сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Келісімшарт негізінде қызмет ететін әскери қызметшілер мен офицерлер әлеуметтік тұрғыда толық қорғалған. Армияда темірдей тәртіп болуы шарт. Сарбаздар ант қабылдағанда айтылатын “әскери қызметтің ауыртпалығы мен қиындықтарына төземін” деген сөздердің өзі әскери өмірдің талаптарын айқын көрсетеді”, – деді ол.
Мемлекет басшысы әскери қызметтің беделін арттыру мен елдің қорғаныс қабілетін күшейту мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.







