Массаж жасатуға барған алматылық әйел тірідей жанып кете жаздаған
499
Алматыда медициналық орталықта массаж алуға барған әйел өртеніп кете жаздады. Мағзума Қазбекованың айтуынша, косметологиялық клиника қызметкерінің салғырттығынан оң жамбасы оңбай күйіп қалған. Алғашқы көмек дұрыс көрсетілмегендіктен отқа орандым деген ол әлі күнге дейін кінәлі тараптан ешкім кешірім сұрап келмегенін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Оң жамбасы оңбай күйіп қалған Мағзума Қазбекова сол күнді қорқынышпен еске алады. Орта жастағы әйел медициналық орталық қызметкерлері қоңырау шалып қоймағасын сол жаққа барғанын айтады. Ондағылар кейбір қызмет түрлері тегін деп қызықтырыпты. Соңында ақшасы жоқтығын айтқан Мағзуманы 300 мың теңгеге жуық несие рәсімдеуге көндірген. Зардап шеккен әйел бірінші күні емдік шаралар ойдағыдай өтті дейді. Алайда, ертесіне арқасына банкі қойып отты массаж жасағанда өртеніп кете жаздағанын айтады.
“Екі-үші секундтың ішінде болды. Ысып кетті ме деп едім, ана бала астымдағы одноразовый простинаны басып жіберді. Ойбай деп мен жұлмалай бастадым. Артымдағы банкілерді итеріп-итеріп тастады. Білмеймін ғой, арқасы жанып кете жаздады деп ойлады ма? Жанып жатыр”, – дейді әйел.
Отқа оранған әйелге косметологиялық бағытта қызмет ететін орталықта алғашқы көмек көрсетілмеген. Жалма-жан таныс заңгерін шақырған ол үйіне өз күшімен әрең жетіпті. Кейін анықталғандай, массаж жасайтын маман спирт төгіп алып, соның кесірінен от тұтанған. Содан бері жүріп-тұруы қиындаған зардап шегуші ешкімнің кешірім сұрап келмегенін айтады.
“Кешірім сұрап келген жоқ. Басында процедураны жасаған бала бүкіл расходыңызды мойыныма аламын деп айтты. Енді бәрі біткеннен кейін маған, шығындарды өтейтін шамасы жоқ екендерін жеткізді”, – дейді Қазбекова.
Медициналық орталықтың басшылығы қызметкерлердің қателігін кеш естідік деп ақталғаннан басқа мардымды жауап қатпаған көрінеді. Ал сол күнгі жағдайға куә болған заңгер клиниканың кемшілігі екі ортадағы келісім-шарттан көрініп тұр дейді.
“Келісім шартта пациенттің құқығы туралы жазылмаған. Медициналық орталық тек өзінің бас пайдасын ойлап жасаған”, – дейді заңгер Алмас Күнгейбаев.
Ал орталық өкілдері ісіне салғырт қызметкер уақытша жұмыстан шеттетілгенін айтады. Шығынды өтеуге әзірміз деп ақталғандар жағдайдан кейінгі келіспеушілік клиенттің өзіне байланысты болғанын жеткізді.
“Клиентіміз күйік алған. Оны мойындаймыз. Кешірім сұраймыз. Моральдық-материалдық шығынын өтеуге толығымен дайынбыз. Біздің клиент ресми түрде бізге хабарласқан жоқ. Ол хабарласса бәріне дайынбыз”, – дейді "Venus medikal kz" ЖШС ресми өкілі Руслан Мұқанов.
Десе де медициналық орталықтан көңілі қалған Мағзума Қазбекова полиция арызданыпты. Моральдық және материалдық шығынды өтеп беруді талап еткен әйел барлығын сот арқылы шешпек.