Шетелден әкелінген көлігін тіркей алмай жүрген жүргізушілер наразылыққа шықты
Астанада жүзден астам жүргізуші жиналып, бейбіт митинг өткізді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Астанадағы жүргізушілердің талабын тыңдауға Ішкі істер өкілдері де келген. Көлік иелерінің жиналуына Ресейде тіркеуі жоқ және Еуроодаққа мүше емес елдерден әкелінген рөлі оң жақтағы көліктерге сақтандыру компаниялары құжат рәсімдеуден бас тартуы себеп болған.
Елімізде қабылданға заңға сәйкес, 1 қыркүйектен бастап сақтандыру компаниялары рөлі оң жақтағы көліктерге сақтандыру беруді тоқтатқан. Ал бұл 20 мыңнан астам көліктің жүруіне тыйым болған.
Сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан тіркеуге болатын көліктердің қатарында да бұл көліктер жоқ.
Бейбіт шараға келген жүргізуші жаңа қабылданған заңға сәйкес 350 мың көліктің тіркеуге жарамсыз болып қалғанын айтады.
Сақтандырудан қағылған көлік иелері амалсыздан заң бұзып жүруге мәжбүр екендерін алға тартады. Себебі, сақтандыру жоқ рөлі оң жақтағы көліктерге полиция 30 мың теңге айыппұл салып, ал көліктерін айыптұрағына қамайды.
Жүргізушілер сондай-ақ бұл көліктерін шетелден емес, Қазақстаннан сатып алғандарын баса айтады.
Жиынға келген жүргізушілердің тағы бірі бұл заңның дұрыс емес екенін айта келе 2007 жылы қабылданған заңды алып тастауды талап етеді.
Ішкі істер министрлігі 1 қыркүйекке дейін елге жеткізілген көліктерді 200-250 мың теңгеге тіркеуді жақын арада басталатынын жеткізді. Алайда нақты мерзімді әлі айтпады. Ал рөлі оң жақтағы көліктер бұл тізімде жоқ. Демек, оларды заңдастыру жағдайы қарастырылмаған.
Жиынға келген жүргізушілер заңды қайта қарасын, тізімге оң жақтан басқарылатын көліктерді де қоссын деген талаптарын айтты. Ал министрлік өкілдері бұл мәселені қарап жатқанын алға тартып, басқа жауап айта алмады.