Көлігіне ағаш құлап кеткен қазақстандық әйел әкімдікті сотта жеңіп шыққан

1 505

Фото: Видеодан скриншотҚостанайда  әйел көлігіне құлаған ағаш үшін қалалық әкімдіктен 2 миллион теңгеден астам өтемақы өндіріп алған,- деп хабарлады Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Апелляциялық сот жасыл желектерді күтіп-ұстауға жауапты мекеме өз міндетін орындамағанын анықтап, бірінші сатыдағы сот шешімін жойған.

Ирина Карпенко өз құқығын сотта дәлелдей алған. Өткен жылдың жазында Кочубей көшесіндегі үйінің ауласында дауыл кезінде ескі терек ағашы оның көлігінің үстіне құлаған. Соның салдарынан автокөлік әжептәуір механикалық зақым алған.

Ирина Карпенко әкімдікке қарсы сотқа талап-арыз берген. Алайда бірінші сатыдағы сот оның талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан.

"Ол менің жеке көлігім. Біз осы көлікпен талай рет іздестіру жасағына шығып, көптеген игі істер атқардық. Көлік іздеу жұмыстарының басында болды. Келтірілген зиян менің тікелей материалдық шығыным. Егер заң бар болса, ол барлығына бірдей қолданылуы керек. Бұл жағдайда заң біз жағымызда болды. Алғашқы сотта жеңіліп қалғанымыз, әрине, көңілге ауыр тиді. Алайда соған қарамастан, апелляциялық сотқа жүгіндік", – деді Ирина Карпенко.

Апелляциялық сот ағаштың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қарасты баланста тұрғанын және аталған органның жасыл желектерді тиісті деңгейде күтіп-ұстауды қамтамасыз етпегенін анықтаған. 

Сонымен қатар тұрғындардың апатты жағдайда тұрған ағаштарды кесу туралы бірнеше рет өтініш бергені белгілі болған. Алайда бұл өтініштерге тиісті шаралар қолданылмаған. Осылайша, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшін жойған.

Қостанай облыстық сотының өкілі Ләззат Байғожинаның мәліметінше, сот қауіпті ағаштарды кесу туралы өтініштердің мемлекеттік органға жолданғанын анықтаған. 

"Алайда тиісті шаралар қабылданбаған. Осыған байланысты апелляциялық алқа талап қоюшыға келтірілген залал жауапкердің кінәсінен болған деген қорытындыға келді", – деді Ләззат Байғожина.