Президент «шай ішіп, жұмыс істемейтін» кадрларды қатаң сынға алды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық компаниялардағы басқарушылық кадрлар мәселесін қатаң сынға алды,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компаниялар басшыларымен бұл тақырыпта арнайы, байыпты әңгіме жүргізген.
Президенттің сөзінше, кейбір компаниялардың құрылымы артық басқарушы кадрларға шамадан тыс толып кеткен. Ол мұндай қызметкерлерді «сол жағалаулық» кадрлар деп атап, олардың нақты жұмыс жүктемесі жеткіліксіз екенін меңзеген.
Сондай-ақ Президент инфляция тұрақтап, төмендей бастаған кезеңде нарықтық қағидаттарды күшейту басым бағытқа айналуы тиіс екенін атап өткен. Оның айтуынша, даму институттары бизнеспен және қаржы секторымен бәсекелестік емес, өзара әріптестік негізінде тиімді байланыс орнатуы қажет.
Мемлекет басшысы инвестициялық тартымдылығы жоғары бірқатар стратегиялық салаларды да атады. Атап айтқанда, сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу бағыттары басымдыққа ие болуы тиіс.
Президент жаһандық технологиялық үдерістер жеделдеген сайын критикалық материалдарға сұраныс күрт артатынын жеткізген. Осыған байланысты аталған салаларды дамыту мемлекет пен бизнес арасындағы конструктивті ынтымақтастыққа негізделуі керек екенін айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс елдері мен өзге де дамыған мемлекеттердің инвесторлары Қазақстандағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жоғары қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.







