120 миллион теңгеге алаяқтық жасаған жекеменшік мектеп басшысы сотталды
Атырауда жүзден астам ата-ананы шамамен 120 миллион теңгеге шығынға ұшыратқан LETS School жекеменшік мектебіне қатысты іс бойынша сот үкімі шыққан,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Лицензиясыз жұмыс істеп, оқу үшін алдын ала төлем алған жоба жетекшісі аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін алты жылға бас бостандығынан айырылған.
Атырауда жүздеген отбасын 120 миллион теңгеге жуық шығынға ұшыратқан LETS School жекеменшік мектебінің тарихына нүкте қойылған. Бір жылға жуық уақытқа созылған тергеу мен сот барысында мектептің білім беру қызметіне лицензиясыз жұмыс бастағаны анықталған. Соған қарамастан, ол белсенді түрде жарнамаланып, ата-аналармен оқу үшін бір жылдық міндетті алдын ала төлеммен келісімшарттар жасаған.
Ата-аналарды тереңдетілген дайындық, сабақтардың кешкі сағат 18:00-ге дейін өтуі, Назарбаев зияткерлік мектебі түсуге арналған қосымша курстар, ҰБТ-дағы жоғары нәтижелер, сондай-ақ дұрыс тамақтану мен тасымалдау қызметі сияқты уәделермен тартқан. Қысқасы, табысты болашаққа кепілдік берілгендей көрсетілген.
2024 жылғы 1-ші қыркүйегінде мектеп салтанатты түрде ашылып, 2025 жылдың ақпанында жанжалмен жабылған. Алғашқы айларда сабақтар кесте бойынша өткізген. Алайда қысқа қарай жалақы кешіктіріліп, мұғалімдер сабаққа шықпай қояды, сабақтар жиі тоқтай бастаған.
Осылайша, оқу жылының ортасында ата-аналар балаларын шұғыл түрде жалпы білім беретін мектептерге ауыстыруға мәжбүр болған. Ал көпшілігі оқу ақысын бірден бір жылға алдын ала төлеп қойған. Орташа есеппен бір балаға шамамен 1 миллион теңге төлеген. Кейбір отбасылар екі немесе одан да көп бала үшін бірден бірнеше миллион теңге аударған.
Сотта жүзден астам ата-ана жәбірленуші деп танылған. Жоба жетекшісі кінәсін мойындамай, ешкімді алдау ниеті болмағанын айтқан. Оның сөзінше, қаражат жөндеу жұмыстарына, жалға алу ақысына, құрал-жабдық пен жалақыға жұмсалған, ал жоба қаржылық жүктемені көтере алмаған.
Алайда сот бұл уәждерді қабылдамаған. Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (Аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен алты жылға бас бостандығынан айырылған.







