Балаға қорлық көрсеткен оңалту орталығының қызметкері қамауға алынды

1 516

Коллаж:© Sn.kzАлматы қаласындағы Әйтеке би көшесіндегі «Феникс» орталығы диагнозы бар балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасайды деген ақпарат әлеуметтік желілерде тарады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  Sn.kz сайтына  сілтеме жасап.

Ата-аналардың айтуынша, орталық қызметкерлері балаларды таяқпен және жұдырықпен ұрып, қорлаған. Бұл әрекеттерді олар өз көздерімен көрген, ал видеоматериалдар полиция тарапынан алынған.

«Біз, ерекше балалардың ата-аналары, орталықтың жұмысын жалғастыра беретінінен қорқамыз. «Феникс» орталығының директоры қызметкерлерді қорғап отыр. Жаттықтырушылардың арнайы профильдік білімі жоқ, кейде көшеден келген адамдар қысқа курстан өтіп, сертификат алғаннан кейін балалармен жұмыс істей алады», – дейді ата-аналар.

Зорлық-зомбылық бірнеше рет қайталанған. Ата-аналардың рұқсатынсыз жаттықтырушы Жанат балаларды тікелей эфирге шығарса, Тофик 16 ақпанда түсірілген видеода баланы ұрған. Сонымен қатар, Астанадағы филиал қызметкерлері де балаларға ауырлық келтірген, кейбір балалар есінен танып қалған.

 «Феникс» орталығы өз қызметкерлеріне қатысты мынадай мәлімдеме жасады:

«Сөз болып отырған қызметкерге қатысты өз тарапымыздан шара қолдандық. Жаттықтырушыларға түсіндірме берілді және әр қызметкер қатаң бақылауға алынды. Бастарынан таяқпен ұру және соған ұқсас әрекеттер бойынша дәлелдеріңізді ұсынуыңызды сұраймыз», – деді орталық блогер Перизат Көшкінбаеваға.

Бұл мәселеге Бала құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да пікір білдірген:

«Қазіргі таңда құзырлы органдар тексеріс жүргізіп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу басталып, видеоматериалдар өндіріске алынды», – деді Зәкиева.

Редакция Алматы және Астана қалаларының полиция департаменттеріне сұрау жолдаған.