Полиция қызметкерлері із-түзсіз жоғалған үш адамды бір тәулікте тапты
Оралда криминалдық полиция қызметкерлері із-түзсіз жоғалған үш адамды бір тәулікте тапты, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kazlenta.kz сайтына сілтеме жасап.
Орал қаласында бір тәулік ішінде криминалдық полиция қызметкерлері бұрын із-түзсіз жоғалған үш азаматты анықтап, тапқан. Бірінші жағдайда 2014 жылы туған бала жоғалып кеткен. Оны іздеуге БҚО полиция департаментінің барлық бөлімшелері жұмылдырған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде бала қаланың сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінен табылған. Ол ата-анасына тапсырылған. Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Екінші жағдайда полиция қызметкерлері 1993 жылы туған, шамамен жарты жыл бойы үйіне келмеген әйелді тапқан.
Ақпан айының соңында оның анасы полицияға жүгініп, тамыз айынан бері қызын көрмегенін хабарлаған. Іздестіру шаралары барысында әйелдің мекенжайы анықталып, анасымен кездескен. Сондай-ақ полицейлер 1994 жылы туған жас жігітті тапты. Ол 2 наурыз күні кешке үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Оның жүріп өткен бағыты жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тіркелген. Нәтижесінде ер адам қаңырап бос тұрған үйлердің бірінен аман-есен табылған. Оның ақыл-есі кем екені анықталған. Қазіргі уақытта ол ата-анасына тапсырылған. Полиция азаматтарды балаларға мұқият болуға, жақындарының жоғалғаны туралы дереу хабарлауға, туыстарымен байланыста болуға және ерекше қамқорлық пен назарды қажет ететін адамдарға аса көңіл бөлуге шақырған.







