Қағаз зауытына 49,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды

1 511

Фото:© Республикалық ТКШ Альянсы

Алматыдағы қағаз зауытына 49,9 млн теңге айыппұл салынды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі nege.kz сайтына сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, «Асыл Арман», «Алма Сити» тұрғын массивтері мен Абай ауылының тұрғындары, сондай-ақ Қарасай аудандық мәслихатының депутаты зауыттан шығатын жағымсыз иіске байланысты шағым түсірген. Соның нәтижесінде Алматы облысы бойынша экология департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізген. «Улап жатыр»: Алматыда аудан тұрғындары қағаз зауытын көшіруді талап еткен.

«Тексеру барысында жағымсыз иістің негізгі көзі кәсіпорынның шаруашылық қызметі нәтижесінде пайда болатын ағынды суларды қабылдайтын сүзу алаңдары екені анықталды. Ағынды су сынамаларына жүргізілген зертханалық зерттеу нәтижесі бойынша рұқсат етілген төгінділер нормативтерінің асып кетуі тіркелді», – делінген министрліктің жауабында.

 Кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Министрлік мәліметінше, 2024 жылдан бері «KZ Recycling» компаниясына экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін үш рет айыппұл салынып, жалпы сомасы 49,9 млн теңгені құраған. Экология департаменті кейбір сот қаулыларын қайта қарау үшін облыстық прокуратураға өтініш жолдаған. Тексеру барысында кәсіпорында өндірістік экологиялық бақылау талаптарының бұзылғаны да анықталған. Осы себепті компания тағы да әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 «Тұрғын үй салуға қалай рұқсат берген?» – Депутат Алматыдағы қағаз зауытына қатысты дауға пікір білдірді

 Министрлік ұсынған соңғы зертханалық сынақ нәтижелері бойынша 2026 жылғы ақпанда жүргізілген тексерулерде нормативтердің асып кетуі тіркелмеген. Кәсіпорын берілген нұсқамаларды орындағаны хабарлаған. Зауытты Алматы қаласының Индустриялық аймағына көшіру жоспары қарастырылып жатыр. Министрліктің мәліметінше, бұл аумақ өнеркәсіптік өндірістерді орналастыруға арналған арнайы аймақ болып табылады. Бірақ зауыттың жаңа орнына қатысты мемлекеттік экологиялық сараптамаға ресми өтінім әлі түспеген.
Кәсіпорын көшірілгеннен кейін де экологиялық талаптар сақталмаса, заңнамаға сәйкес айыппұл салу, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беру немесе кәсіпорын қызметін уақытша тоқтату сияқты шаралар қолданылуы мүмкін. Министрлік зауыттың орталық кәріз жүйесіне қайта қосылу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтағанын хабарлады. Тұрғындар мен қоғам белсенділері зауыттан шығып жатқан түтін қоршаған ортаға зиян екенін айтып, дабыл қаққан еді. Дереккөздерге сүйенсек, бұл компания Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы, сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың анасы – Шолпан Омароваға тиесілі.