Күйеуі 62 жастағы әйелін пышақтап өлтірген
"Әйел бұған дейін құзырлы органдарға шағымданған": Атырауда күйеуі 62 жастағы әйелін пышақтап өлтірді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Атырауда зейнет жасына таяп қалған күйеуі әйелін пышақтап өлтірген. Ішімдік ішкен ер адам отбасындағы жанжалда жылдар бойы отасқан жарын ажал құштырған. Мерт болған әйел қаладағы мектептердің бірінде мұғалім болған. Әріптестерінің айтуынша, марқұм бұған дейін отбасындағы қиындықтар, жолдасының озбырлығы туралы құзырлы органдарға шағымданыпты. 62 жастағы тұрғын бірден қамауға алынған.
«Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. 62 жастағы күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесіне сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді», - деді Атырау облысы ПД ресми өкілі Мейірім Ердәулет.







