Қызылорда гарнизонында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды
Сыр елінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2022 жылғы наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» 2022 жылғы 4 наурыздағы Жарлығына сәйкес, 1 қыркүйектен бастап күзгі әскерге шақыру кезеңі басталды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Күзгі науқандағы мерзімді әскери қызметке шақыру аясында 850-ге жуық Қызылорда облысының жастары әскерге аттанады. Күз мезгіліндегі әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Мерзімді әскери қызметке шақыру облыстық, қалалық және аудандық шақыру комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдар әкімдері орынбасарларының қатысуымен жүзеге асырылады.
Ағымдағы жылдың соңына дейін 18-27 жас аралығындағы 350-ге жуық жас Қарулы күштердің қатарына, 310-нан астам бозбала Ұлттық ұланға, 150-ге жуық адам Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне шақырылады.
7 қыркүйектен бастап шақырылушылардың алғашқы легі жинау пункттерінен әскери бөлімдерге жіберілетін болады.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров