Қайғылы апат: тас жолда 5 адам қаза тапты
Ақтөбе облысында бес адамның өмірін қиған жол апатының мән-жайы белгілі болды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі zhasalash.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаза тапқандардың барлығы бір ауылдың тұрғындары, олардың арасында ерлі-зайыптылар мен кішкентай немерелері болған. Қайғылы оқиға 17 - ші наурыз күні Ақтөбе-Атырау тас жолында, Қарауылкелді ауылы маңында болған. Жолда ВАЗ жеңіл көлігі мен DAF жүк көлігі соғысқан. Соққының қатты болғаны сонша, жеңіл көліктің жүргізушісі мен оның төрт жолаушысы оқиға орнында, медицина қызметкерлері келгенге дейін көз жұмған.
Жергілікті әкімдік мәліметінше, жол апатынан қаза тапқандардың барлығы Темір ауданына қарасты Тасқоспа ауылының тұрғындары. Олардың ішінде қарт ерлі-зайыпты мен үйіне төрт жастағы немересін алып келе жатқан отбасы бар. Қыз бала атасы мен әжесінің үйінде қонақта болған.
Жол апатынан бір адам ғана аман қалған - 33 жастағы ер адам. Қазір ол Байғанин аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ол комада. Оған көмек көрсету үшін санитарлық авиация арқылы мамандар жіберілген. Полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған. Сондай-ақ жүргізушілерді қалааралық жолдарда жылдамдық режимін қатаң сақтауға және қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырды.







