17 жастағы жасөспірімнің өлімі қоғам назарында
20- шы наурызға қараған түні Шалқар қаласында жастар арасында болған жаппай жанжал қайғылы оқиғамен аяқталған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Sn.kz порталына сілтеме жасап.
Топтық төбелес барысында 17 жастағы жасөспірім пышақ жарақатын алып, көз жұмған.
Марқұм өткен жылы мектепті тәмамдап, уақытша жұмыс істеп жүрген. Ол алдағы уақытта әскер қатарына барып, кейін жоғары оқу орнына түсуді жоспарлаған екен.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жастар арасындағы жанжал фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқиға салдарынан бір адамның қаза табуы тергеу аясында қарастырылып жатыр.
Қақтығысқа қатысы бар барлық азаматтар анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Құқық қорғау органдары олардың әрекеттеріне заңға сәйкес құқықтық баға берілетінін мәлімдеген.
Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Кінәлі тұлғалар заң талаптарына сай жауапкершілікке тартылатын болады.







