Еріктілердің көмегімен 670 есірткі сайты бұғатталды
Алматыда еріктілердің көмегімен 670 есірткі сайты бұғатталды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Есірткі қылмысына қарсы күресте еріктілердің үлесі айтарлықтай артып келеді. Полиция өкілдерінің айтуынша, заңсыз интернет-ресурстарды анықтауда қоғам белсенділері маңызды рөл атқаруда. Жедел уәкіл Сұлушаш Досболованың мәліметінше, жыл басынан бері бірлескен жұмыстардың нәтижесінде есірткі таратумен айналысқан 670-тен астам сайт пен Telegram-арна анықталып, бұғатталған.
Оның айтуынша, мұндай ресурстарды анықтау бірнеше тәсіл арқылы жүзеге асады. Атап айтқанда, интернет кеңістігін тұрақты мониторинг жасау, азаматтардан келіп түсетін хабарламалар, «E-Өтініш» платформасы және жедел ақпарат арналары негізгі дереккөз болып отыр.
Барлық сайттар бірден жабыла бермейтіні атап өтілді. Кей жағдайда құқық қорғау органдары есірткі таратумен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында ресурстарды уақытша бақылауда ұстайды.
- Азаматтардан келіп түсетін ақпарат қауіпті жедел анықтап, шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Есірткі тарататын наркосайтты, Telegram-арна мен есірткі жарнамалап жатқандарды көрсеңіз, +7 700 113 0102 WhatsApp нөміріне немесе Narko Shekteu Almaty тelegram-каналына хабарлап айтуға болады, - деді ол







