Елімізде туристік алаяқтықпен айналысқан күдікті ұсталды

1 515

Фото:© polisia.kzЕлордада тәртіп сақшылары туристік алаяқтық дерегін әшкереледі, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.kazlenta.kz сайтына сілтеме жасап.

Елордада шетелге арзан тур ұйымдастырып беремін деп азаматтарды алдаған 32 жастағы күдікті ұсталды. Оны Сарыарқа ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында анықтаған.

Тергеу деректеріне сүйенсек, күдікті бастапқыда таныстарын бір-екі рет шетелге шынымен жіберіп, олардың сеніміне кірген. Кейін өзін делдал ретінде таныстырып, Түркияға тиімді турпакеттер рәсімдеуді ұсынып отырған. Алайда алдын ала төлем алғаннан кейін жәбірленушілермен байланысын үзген. Оның кемінде екі алаяқтық фактісіне қатысы бары белгілі болды. Жәбірленушілердің біріне келтірілген шығын көлемі 5 миллион 700 мың теңгеге жеткен.

Тергеу барысында күдікті өз кінәсін мойындап, алынған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын айтқан. Полиция азаматтарға туристік қызметтерді тек ресми тіркелген агенттіктер арқылы рәсімдеуді ұсынады. Белгісіз делдалдарға сенбеу, турфирманың лицензиясын, нақты мекенжайын және байланыс нөмірлерін алдын ала тексеру қажет екенін ескертеді. Бұл - алаяқтық әрекеттердің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі.