Қазақстан Түркиядан ауыр науқастарды шұғыл елге қайтарды
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Түркиядан екі науқасты - 60 жастағы ер адам мен 6 жасар баланы санитарлық авиация арқылы елге жеткізді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.
Екі пациент те бір рейспен тасымалданған. Оларды Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына тиесілі арнайы жабдықталған медициналық әуе кемесі жеткізді. Ұшу барысында науқастардың жағдайы тұрақты бақылауда болып, қажетті медициналық көмек үздіксіз көрсетілген. Министрлік мәліметінше, екі науқастың да жағдайы ауыр деп бағаланған. Соған қарамастан, оларды қауіпсіз тасымалдау үшін тәжірибелі дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жұмылдырылды. Бортта дәрігерлер Баймышев Дәурен мен Исмағұлова Райхан, сондай-ақ фельдшерлер Тоқтыбаев Асылбек пен Құндақбаев Ерулан жұмыс істеді. Сонымен қатар әуе кемесінің экипажы да ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, операцияның сәтті өтуіне үлес қосты.
«Біреуі – 1966 жылы туған, өкпесінде қатерлі ісігі бар. Тыныс алуы қиын. Алания қаласында жатқан. Екінші науқас - 2019 жылы туған бала, миының қатерлі ісігі бар, Ол Стамбул қаласында жатқан, - деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Қазіргі уақытта науқастар елдегі мамандандырылған медициналық мекемелерге жеткізіліп, тиісті ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараларды қолға алған. Мамандардың айтуынша, санитарлық авиация қызметі ауыр хәлдегі пациенттерді шетелден немесе өңірлерден жедел жеткізуде маңызды рөл атқарады. Бұл жүйе дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында науқастардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген.(Видео)







