Бойжеткен бір тал темекіден кейін жансақтау бөліміне түсті

1 506

Фото: ©Мухтор Холдорбеков/KazinformПетропавлдағы емдеу мекемесіне ауыр жағдайда жеткізілген бойжеткен көшеден тапқан темекіні шеккен екен, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Петропавл қаласындағы көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасына ауыр жағдайда жеткізілген жас қыз жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың денесі қалшылдап, басы айналып, қатты қорқыныш сезімі мазалаған. Оның жағдайы уақыт өте келе күрт нашарлаған. Тексеру нәтижесінде бойжеткеннің есірткіден уланғаны анықталды. Мамандар оған белгісіз заттардан болған уытты әсер, интоксикациялық синдром және орташа дәрежедегі темір тапшылығы анемиясы диагноздарын қойған.

Науқас бір тәулік бойы жансақтау бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Кейін тағы төрт күн бойы терапия бөлімінде ем қабылдады. Уақытылы көрсетілген медициналық көмектің арқасында оның жағдайы жақсарып, қанағаттанарлық күйде үйіне шығарылды. Дәрігерлер белгісіз немесе тыйым салынған заттарды қолданудың аса қауіпті екенін ескертеді. Мұндай заттар тіпті бір рет қолданылғанның өзінде ауыр улануға, жүрек пен тыныс алу жүйесінің бұзылуына, сондай-ақ психикалық жағдайдың күрт өзгеруіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар олардың нақты құрамы белгісіз болғандықтан, ағзаға қалай әсер ететінін алдын ала болжау мүмкін емес.