Қылмыстық топ жастарды заңсыз әрекеттерге итермелеген
Қарағанды облысында құқық қорғау органдары жастарды заңсыз әрекеттерге итермелеген қылмыстық топтың жолын кесті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Zhasalash.kz
Алдын ала деректерге сәйкес, қылмыстық топ мүшелері жастарды түрлі сылтаулармен өз қатарына тартқан. Олардың бірі спорт саласындағы беделін пайдаланып, «спортты дамыту» деген желеумен жас азаматтарды сеніміне кіргізіп, кейін оларды ауыр және аса ауыр қылмыстарға тартқан. Тергеу барысында топтың ұйымдасқан түрде әрекет еткені және әр қатысушының өзіне жүктелген рөлі болғаны анықталуда. Құқық қорғау органдары бұл құрылымның ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде жұмыс істегенін жоққа шығармайды. Аталған фактілер бойынша ұрлық, бопсалау, алаяқтық және тонау баптарымен 6 қылмыстық іс тіркелді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 20 адам ұсталып, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілуде.
Сонымен қатар арнайы операция аясында 47 тінту жүргізілді. Нәтижесінде атыс және суық қарулар, оқ-дәрілер, бірнеше автокөлік, ірі көлемдегі ақша қаражаты және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленген. Қазіргі уақытта күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Тергеу жалғасуда, құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.







