Қазақстандықтар электросамокат бизнесіне ақша салып 200 млн теңгеден қағылды

1 514

Фото:© Видеодан скриншотАқтөбе облысында электрсамокаттарды жалға беру бизнесі ретінде жасырылған қаржы пирамидасы әшкереленді,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті хабарлағандай, 2024 жылы бір топ адам өзін шетелдік компания ретінде таныстырып, азаматтарды инвестиция салуға тартқан. Олар электрсамокаттарды сатып алып, жалға беру арқылы жоғары табыс табуға болатынын уәде еткен. Тергеу барысында бұл жобаның шын мәнінде қаржы пирамидасы екені анықталды. Салымшыларға төленген табыс жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен беріліп отырған.

Күдіктілер клиент тарту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде белсенді жарнама жүргізіп, офлайн кездесулер ұйымдастырған. Сенім ұялату мақсатында Ақтөбе қаласында кеңсе жалдап, таныстырылымдар өткізген. Ұйымдастырушылар салым көлемін 350-ден 20 мың АҚШ долларына дейін белгілеп, тәулігіне 12-ден 690 долларға дейін табыс табуға болатынын мәлімдеген. Заңсыз жолмен алынған қаражатты жасыру үшін олар криптоәмияндарды пайдаланып, кейін ақшаны айырбастап, банк шоттарына аударып отырған.

Қаржы пирамидасына 115 адам тартылып, 197 миллион теңгеден астам қаражат жиналған. Бұл қаражатқа үш автокөлік сатып алынып, олардың бірі туысының атына рәсімделген. Сот шешімімен ұйымдастырушылар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.