Супермаркетте етке қонған торғайлар жұртты алаңдатты
Астанадағы супермаркеттердің бірінде шикі ет тұрған витринаға торғайлардың кіріп, өнімді шоқып жүргені түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып, тұрғындардың алаңдаушылығын тудырған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz порталына сілтеме жасап.
Астанадағы супермаркеттердің бірінде санитарлық талаптардың өрескел бұзылғаны туралы видео әлеуметтік желіде тараған. Оқиға елордадағы Тұран даңғылы, 65 мекенжайында орналасқан, болжам бойынша, Small сауда желісінің дүкенінде түсірілген.
Кадрлардан тоңазытқыш витринасының ішінде торғайлардың еркін кіріп-шығып, сатылымға қойылған шикі етті шоқып жүргенін көруге болады. Видео авторының айтуынша, түсірілім кезінде дүкен қызметкерлері бұл жағдайға ешқандай әрекет етпеген.
Желі қолданушылары бұл көрініс адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, дүкендегі санитарлық бақылаудың әлсіздігін сынға алған.
Айта кетейік, қолданыстағы санитарлық талаптарға сәйкес, сауда орындарында ашық азық-түлік өнімдеріне жануарлар мен құстардың жақындауына қатаң тыйым салынады.
Аталған жағдайға қатысты Small сауда желісі мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.







