3 жасар баланың үстіне ғимарат қасбеті құлап, шұғыл ота жасалмақ

1 505

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінде 3 жасар баланың үстіне ғимараттың қасбеті құлаған, деп,- хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі BAQ.KZ. сайтына сілтеме жасап. (Видео)

Баланың үстіне Мәдениет үйі ғимараты қабырғасының бір бөлігі құлаған. Оқиға салдарынан ол ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне жеткізілген. Қазіргі уақытта дәрігерлер оған шұғыл операция жасап жатыр.

Бұқар Жырау ауданында мәдениет нысаны қасбетінің бір бөлігі үш жасар баланың үстіне құлағаны туралы әлеуметтік желілерде тараған бейнематериал бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккен бала медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауында. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.

Баланың денсаулығына қатысты Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы да түсініктеме берді.

Бала қарқынды терапия палатасына жатқызылды. Қазіргі уақытта толық көлемде реанимациялық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Емдеу тактикасы облыстың бейінді мамандарымен, соның ішінде нейрохирургпен және реаниматологпен келісілді. Жағдай Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының бақылауында, - деп хабарлады Қарағанды облысының ДСБ баспасөз қызметі.