22 жастағы қазақстандық жігіт Дубайда өмір бойына сотталды
22 жастағы Қазақстан азаматы Ернұр Алмахан Дубайда өмір бойына сотталып отыр, 2024 жылы Біріккен араб әмірліктеріне жұмыс істеуге кеткен,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің 14-ші сәуірде берген ақпаратында оның өмір бойына сотталғаны айтылады. Ал қандай баппен істі болғаны белгісіз.
"Менің балам 2024 жылы қыркүйектің ортасында Дубайға "жұмыс істеймін" деп кеткен. Нақты қандай жұмыс екенін айтпады, "білмеймін, барған соң өзімнің бастығым тауып береді" деді. Кеткеннен кейін арасында хабарласып тұрды. Қай жерде жүрді, қайда барды, кіммен сөйлесті, соны айтып тұратын. Дубайда такси айдады. 2024 жылы 31 желтоқсанда Жаңа жылмен құттықтады, содан кейін хабарсыз кетті. Ал мен қайда хабарласатынымды білмедім. Ал жақында "Өмір бақи бас бостандығынан айырылды" деген қағаз келді. Балам осылай сотталатындай іс-әрекетке барады деп ойламаймын. Өте ақкөңіл әрі жуас бала. Менің балам жазықсыз сотталып кетті ме деп алаңдаймын. Сол үшін президенттен көмек сұраймын. Егер балам кінәлі болса, осы жерде сотталсын", - деп жылады Нұргүл Алмаханова көмек сұрап.
Ернұр шетелге кетпей тұрып Алматыда кафелердің бірінде бармен болып жұмыс істеген. Анасының айтуынша, бастық деп отырғаны – сол кафенің бастығы. Анасы сол бастығының да қайда екенін білмейді. Кейіннен үй іші Ернұрдың бір істі болып жатқанын өзінен естіген. Ернұр изолятордан үйіне хабарласып, "қорықпаңыздар, мен жазықсызбын, мен ақталамын" деп айтқан. Бірақ ата-анасы не жағдай болғанын, ол жерде бала не істеп қойғанын, қандай негізде сотталып жатқанын біле алмаған. Баласына сеніп, шешілетін шығар деп күткен. 2026 жылғы наурызда Біріккен Араб Әмірліктері сотының бірінші инстанциясы Ернұр Алмаханды өмір бойына бас бостандығынан айырған. Қазір іс бойынша апелляциялық шағым беріліп, сот процесі жалғасып жатыр.







