Қазақстанда әкімдер мен министрлер есірткі қолданысын анықтайтын тексерістен өтеді

1 506

Фото:© freepikМемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов 2026 жылғы 30-шы сәуірде Сенат отырысында мемлекеттік қызметшілердің есірткі қолдануын анықтауға арналған тексеруден өту тәртібі туралы мәлімдеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  Mail.kz сайтына сілтеме жасап.

Мұндай тексеру жыл сайын жүргізіледі және ол басшылық лауазымдағы қызметкерлер үшін міндетті болып табылады.

"Сонымен қатар екінші санаттағы негіздер факультативтік сипатқа ие, яғни қосымша түрде қарастырылады. Бұл мемлекеттік орган басшыларының шешімімен, лауазымдық міндеттердің сипаты мен мазмұнына қарай белгіленеді. Мысалы, мемлекеттік құпиялармен жұмыс істейтін немесе аса сезімтал ақпаратпен айналысатын қызметкерлер осы санатқа енгізілуі мүмкін", – деді Салауат Мүксімов.

Сондай-ақ ол "басшылық лауазымдарға" өз қарамағында қызметкерлері бар барлық мемлекеттік қызметшілер жататынын атап өтті.

Журналистер әкімдер мен министрлердің де осы талапқа кіретінін нақтылаған кезде,  "Иә, дұрыс",- деп жауап берді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімовтің айтуынша, есірткіге тестілеу алдын ала белгіленген кесте бойынша өткізілмейді.

"Мемлекеттік орган тексеру күнін алдын ала бекітіп, қызметкер оның нақты қашан өтетінін біліп отырмайды. Мысалы, наурыздың 18-і күні тексеруден өтетінін алдын ала біліп, соған дайындалу деген болмайды. Бұл тетіктің басты ерекшелігі – оның күтпеген уақытта жүргізілуі. Мемлекеттік орган басшысы тиісті шешім қабылдаған сәттен бастап, тексеруден өтуге міндетті тұлға 48 сағат ішінде есірткіге тестілеуден өтуі тиіс", – деді Салауат Мүксімов.

Ол бұл талапты орындамаудың нақты құқықтық салдары бар екенін атап өтті. Заңда алғаш рет есірткі заттарын, прекурсорларды және өзге де тыйым салынған заттарды қолдану мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекет ретінде қарастырылып отыр. Мұндай жағдай мемлекеттік қызметтен босатуға негіз болады. Сонымен қатар тексеруден өтуден бас тарту да қызметтен босатуға себеп болады. Оның мәліметінше, есірткіге тестілеуден өтуге міндетті тұлғалар оның шығынын өз қаражаты есебінен төлейді. Бұл үшін мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Алайда тексеруден өтетін күні және одан кейінгі бір күнге жалақысы сақталатын демалыс беріледі.