Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы үш жыл сайын өседі
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға және мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді. Енді олардың жалақысы кемінде үш жылда бір рет көтеріліп отыруы керек, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі qaz-media.kz сайтына сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзгеріс енгізу туралы заңға қол қойды. Басқа өңірге жұмыс бабымен көшкен қызметкерлерге тұрғын үй төлемдері беріледі. Олар жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға қатыса алады. Балаларын балабақшаға кезектен тыс орналастыру құқығы да қарастырылған.
Еңбек өтілі 25 жылдан асқан және марапаттары бар мемлекеттік қызмет ардагерлеріне зейнетке шыққан кезде біржолғы төлем беріледі. Заңда жұмыс уақыты да нақты көрсетілген. Мемлекеттік қызметкерлер аптасына 40 сағат жұмыс істейді. Ал I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс уақыты аптасына 36 сағатқа дейін қысқартылады. Бұдан бөлек, артық жұмыс істегендерге өтемақы төленеді. Еңбек өтіліне байланысты қосымша демалыс күндері беріледі. Қызметкер басқа қалаға көшкен жағдайда мемлекет тұрғын үй мен жеке заттарын тасымалдау шығындарын өтейді. Жаңа заңда азаматтарға қызмет көрсетуден формалды себептермен бас тартуға тыйым салынады. Мемлекеттік орган тұрғындарға мүмкіндігінше нақты әрі сапалы қызмет көрсетуі тиіс.
Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау eQyzmet жүйесі арқылы цифрландырылады. Ал жас мамандарға бейімделуге көмектесу үшін тәлімгерлік институты дамытылады. Сондай-ақ әдеп жөніндегі уәкілдердің құқығы кеңейеді. Олар мемлекеттік қызметкерлердің шағымдарын қарап, құқықтарын қорғауға көбірек мүмкіндік алады.Кейбір жауапты лауазымдарға тағайындалатын қызметкерлер есірткі қолданбағанын растайтын тест тапсырады. Басшылар мұндай тексеруден жыл сайын өтеді.







