"Әкімнің үй жағына асфальт төседі": Көшесіне жол салынбаған ақтаулықтар наразылық білдірді

428
Ақтау тұрғындары әділетсіз жол саясатына шағымданды. Олардың сөзінше, асфальт тек шенеуніктер тұратын көшеге ғана төселген, ал қарапайым халық жолы жоқ жермен жүруге мәжбүр. Жағдайға қатысты жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі пікір білдірді деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.  

Ақтаудағы шағын аудандардың бірінің тұрғындары әкімдікке жүгінгенін айтады. Алайда еш жауап болмапты.

"Әкімнің үйінің маңына төрт бағыттан да жол төседі, жөндеу жұмыстары біздің көшеге жетпеді. Мұнда қыста не болатынын білесіздер ме? Көктемде - батпақ, лай, жүру мүмкін емес! Балалар мектепке бара алмайды", - дейді Ақбөпе Мырзабекова.

Оның сөзін ауданның тағы бір тұрғыны - Татьяна Сатывалдиева да қостады.

"Барлық жерге асфальт төсеп жатыр ғой. Неге бізге де істеп бермейді? Егде жастағы адамдарға мұндай жолмен жүру қиын, кішкентай немерелеріміз бар. Жол жөндеу жұмысын неге таңдап жасап жатқанын түсіне алар емеспіз", - дейді әйел.

Тұрғындар журналистерден көмек сұрағаннан кейін шенеуніктер халықпен кездесті.

Билік өкілдерінің сөзінше, асфальт әрбір көшеге төселеді. Жоба жасалған соң мақұлданып, жұмыс та басталған. Екі шағын ауданға 784 млн теңге бөлінеді.

"Биыл біз қосымша қаражат сұрадық. Егер бөлінсе, бұл жұмысты жалғастырамыз. Ал егер ақша келесі жылы бөлінсе, онда келесі жылы "Шығыс-2", "Шығыс-3" тұрғын алабындағы жұмысты толық аяқтаймыз", - деді жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Ербол Сариев.