Қазақстанда пара беруге уәде ету қылмыс ретінде қарастырылмақ
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Муксимов 2026 жылғы 28 мамырда Сенат отырысында кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша жауапкершілікті күшейту жоспарлары туралы айтты,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz порталына сілтеме жасап.
Сөз "Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы туралы болып отыр. Аталған құжатта қылмыстық заңнамаға пара ұсыну, пара беруге уәде ету және пара талап ету, сондай-ақ заңсыз сыйақы алуға арандату үшін жауапкершілік енгізу қарастырылған.
Оның айтуынша, мұндай тәжірибе ГРЕКО (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы) ұйымына мүше елдерде, сондай-ақ Армения, Әзербайжан және Қырғызстанда бар.
12 мамыр 2026 жылы Қазақстанда экономикалық құқық бұзушылықтарға қатысы бар тұлғалардың тізілімі жүргізілетіні хабарланған болатын. Ережелер Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бұйрығымен бекітілген.







